«Болашақ»: артылған үміт ақталды ма?
Дамыған елдердің үлгісін негізге алған халықаралық «Болашақ» бағдарламасының құрылғанына ширек ғасыр болды. Осы 25 жыл ішінде 13 244 шәкіртақы тағайындалып, олардың 2 пайызы белгілі бір себептер бойынша оқуын аяқтай алмаған. Түлектердің 99,1 пайызы жұмысқа орналасқан, қалған 0,9 пайызы жұмыс іздеу үстінде.
Адам капиталы ежелден экономикалық және инновациялық өсім факторларының бірі саналады. Көптеген дамыған және дамушы елдерде жастарды: студенттер, аспиранттар мен ғылыми қызметкерлерді мемлекет қаржысы есебінен шетелде оқыту тәжірибесі бар. Бұл бағдарламалардың мақсаты бір – жастардың дамыған елдерде сапалы білім мен тәжірибе жинақтап, оны ел игілігі үшін пайдалануы. Маман дайындаудың сингапурлық үлгісін негізге алған «Болашақ» халықаралық степендиясы Қазақстанда 1993 жылы құрылды.
Сингапурда бұндай шәкіртақы Президенттік деп аталады, ол талантты, болашағы зор жастарға беріледі. Үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Іріктеу нәтижесі бойынша, олар шетелде тегін оқып, одан әрі мемлекеттік қызметке орналаса алады. Оларды негізінен Канада, Қытай, Франция, Германия, Жапония, Швейцария, АҚШ т.б. елдерге жібереді. Оқуды бітірген соң бағдарлама түлегі мемлекеттік қызметте 6 жыл жұмыс істеуі тиіс, егер ағылшын тілінде білім алса, бұл мерзім 5 жылды құрайды.
Қазақстанның жақын көршісі – Ресейде де осыған ұқсас бағдарлама бар, ол «РФ Президентінің шәкіртақысы» деп аталады. Оның негізгі талаптары: Ресей азаматы болу, елдегі ЖОО бірінде бакалавр немесе магистратурада білім алу, жақсы оқу үлгерімі, университет ғылыми кеңесінің ұсынысы, жарияланымдар т.б.
Бұндай бағдарламалар Ұлыбритания, Малазия, Франция мен АҚШ-та бар.
Бағдарламаның қазақстандық үлгісі
2018 жылдың қарашасында құрылғанына 25 жыл толған «Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты – экономиканың басым бағыттары үшін маман дайындау.
1994-2004 жыл аралығында негізінен экономикалық және гуманитарлық мамандықтарға 785 шәкіртақы берілген.
Кейінірек, 2005 жылдан бастап, мемлекет шәкіртақы санын жыл сайын арттыра бастады. Бағдарлама бойынша шетелге білім іздеп кететіндердің қатары жылына 3000-ға жетті, сондай-ақ, олар таңдай алатын мемлекеттер тізімі 13-тен 33-ке дейін көбейді. Осы кезде оқу үдерісін бақылайтын және стипендиаттарды жұмысқа орналастырумен айналысатын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құрылды.
Ауыл жастары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің бағдарлама арқылы алдын-ала ағылшынын жетілдіріп, білім алу мен тәжірибеден өту мүмкіндігі 2008 жылы ғана қолжетімді болды.
Бағдарламадағы тағы бір маңызды жайт – 2011 жылы шетелде бакалаврлық білім алу алынып тасталды. Сол кезде мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша маман дайындау басталды.
Жыл сайын үміткерлерге оқитын университет таңдауда да, шет тілін меңгеру деңгейі бойынша да қойылатын талаптар қатайып келеді. «Балашақ» бағдарламасы бойынша 25 жыл ішінде 13244 шәкіртақы берілсе, соның ішінде 2005-2018 жылдар аралығында 12459 жас шәкіртақы иегері атанған.
Осы 12549 шәкіртақының ішінде 3379-і бакалаврға бөлінсе, 6 598 – магистратура, 36 – аспирантура, 87 – клиникалық аспирантура, 306 – докторантура, 2 053 – тәжірибеден өтуге бөлінген.
Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың қазан айында 1142 шәкіртақы иегерлері шетелде оқып жүр, олардың 13-і бакалаврда, 937-і магистратурада, 123-і докторантурада оқыса, 69 адам тәжірибеден өтіп жүр.
Болашақтықтар негізінен қандай мамандықты таңдайды?
Білікті маман дайындауға мемлекет жыл сайын қомақты қаржы жұмсайтыны белгілі. Шетелде оқу құны таңдаған елге байланысты.
Айталық, Ұлттық банк белгілеген шетелдік валюта курсы бойынша, Швейцария – ең қымбатқа түсетін мемлекет. Бұл елдегі ЖОО бірінің магистратурасында степендиатты 1 жылдық оқыту 31,8 миллион теңге тұрады.
Ал АҚШ-та магистратура немесе докторантураның бір жылдық оқу құны 24 миллион теңгеге бағаланады.
Ал Австралияда «болашақтықты» 1 жыл оқыту құны – 19 млн болса, Австрияда шамамен – 12,4 млн теңге, ал Ұлыбританияда бір жылдық оқу ақысы – 17-19 млн теңге аралығында.
Қытай (4,6 млн), Ресей (7,8 млн), Германия (8,7 млн) және Оңтүстік Кореяда (7,1млн) оқу салыстырмалы түрде арзандау.
Болашақтықтар көбінесе Ұлыбритания, Ирландияның жоғары оқу орындарын таңдайды, олардың қатары 48,8 пайызға жеткен, АҚШ пен Канаданы – 37,1%, Еуропа елдерін – 4,7%, Азия и Океания елдерін – 4,8% таңдаса, тек 4,6% ғана Ресейде оқуды жөн көрген.
Айталық, қазақстандықтар арасында ең танымал Ұлыбритания ЖОО-лары: Манчестер университеті, Лондонның Королдік колледжі, Лестер Университеті мен Абердин Университеті.
Степендиаттар көбінесе «Бухгалтерлік есеп және аудит, қаржы», «Құқық», «Мұнай-газ ісі» және «Халықаралық қатынас» мамандықтарын таңдайды.
Ал түлектер қайда?
«Болашақ» бағдарламасы нәтижелілігінің көрсеткіші ретінде түлектердің жұмысқа орналасуы, жекелей алғанда, олардың мемлекеттік қызмет пен оған қатысты секторларда жұмыс істеуі болуы керек еді. Алайда олардың басым бөлігі мемлекеттік салада қызмет еткісі келмеуі – түйткілді мәселе болып тұр.
Бағдарламаның ережесі бойынша, әрбір түлек оқуын бітірген соң, мамандығы бойынша бірнеше жыл мемлекеттік органдарда қызмет етуі тиіс. Республикалық маңызы бар қалаларда бағдарлама түлегі 5 жыл жұмыс істесе, аймақтарда – 3 жыл, ал білім саласында – 2 жыл қызмет етуі керек.
2018 жылдың аяғында 5 мыңнан аса адам шәкіртақы талабы бойынша келісім-шарттық міндеттемелерін орындады, ал 4 мыңнан аса шәкіртақы иелері ХБО бақылауында тұр.
Түлектердің қанша пайызы жұмысқа орналасқан?
Халықаралық бағдарламалар орталығы бірегей тіркеуішінің мәліметтері бойынша, бағдарлама түлектерінің 99,1 пайызы жұмысқа орналасқан. Дегенмен, әлі жұмыссыз жүргендері де бар. Олардың үлесі көп емес – 0,9 пайыз немесе 37 адам.
Алайда, шетелдік беделді оқу орнында мемлекет есебінен, халықаралық бағдарлама арқылы білім алған 37 адамның жұмыссыз жүруі – аса аз көрсеткіш емес.
Жастардың жұмыспен қамтылуына келер болсақ, олардың жартысына жуығы, нақты айтқанда, 47,2 пайызы квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді. Қазақстандық жеке компаниялар да болашақтықтар арасында аса танымал. Оларды түлектердің 32 пайыз таңдаған.
Түлектердің 12 пайызы мемлекеттік органдарда еңбек етеді, ал 6,9 пайызы – шетелдік компанияларда, 0,9 пайызы – қоғамдық ұйымдарда, тек 0,1 пайызы ғана дипломатиялық немесе халықаралық ұйымдарда қызмет қылып жүр.
«Альтернатива» зерттеулер орталығының «Басқару элитасының ауысуы контекстіндегі ҚР саяси трансформациясы» деген зерттеуінде «Болашақ» түлектерінің көпшілігі мемлекеттік қызметті абырой санамайтыны немесе өз білімі мен тәжірибесін бұл жүйеде толыққанды қолданбай, маман ретінде сұранысқа ие болмай қалатыны айтылған.
«Шетелдік ЖОО түлектерінің қазақстандық жағдайға бейімделе алмай, өз білімін толық пайдаланбауы – бір жағынан, шетелдегі өмір сүру деңгейіне үйреніп, сол жақта тамыр-таныс тауып, іскерлік байланыс орнатуы – екінші жағынан, бұл мамандардың білігі мен білімін өз отанында емес, шетелде пайдалануына алып келеді», – дейді зерттеу орталығының мамандары.
Ал шетелде қалмай, елге оралған жас мамандар шетелдік үлесі бар жеке компаниялардан жұмыс табуға ұмтылады. Өйткені ол жақта бірнеше жыл жұмыс істеген соң, мансап баспалдағымен жоғарылап, өзге елге көшіп кету мүмкіндігі зор. Бұл компаниялардың жоғары жалақы ұсынуы олардың бәсекелестікте бәсі жоғары болуына ықпал етеді.
«Болашақ» түлегі Дәурен Сыймағанбетовтың бағдарлама бойынша алған біліміне көңілі толады. Болашақтық маманның айтуынша, ҚР-дағы ЖОО-ның бірін қызыл дипломмен аяқтаған соң, өз көңілінен шығатын, ыңғайлы жұмыс таба алмаған. Ал «Болашақты» бітірген соң ол Шлюмберже компаниясына жұмысқа түрып, ол жақта 2 жыл еңбек етіп, кейін «Теңізшевройл» компаниясына ауысқан. Дәурен «Болашақ» бағдарламасының негізгі түйткілдері ретінде бағдарламаның ұйымдастыру мәселелері мен келісім-шарт бойынша еңбек өтілін санаудағы кемшіліктерін атап өтті.
Мәселен, «Болашақ» түлегінің айтуы бойынша, ХБО мен стипендиаттар арасындағы келісім-шартта вахталық әдіспен жұмыс істейтін мамандарға тікелей қатысты ескерілмеген жайттар бар. Өйткені еңбек өтілі зейнетақы жарналарының тұрақты түсуімен есептеледі. Ал вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер еңбек демалысын қоса алғанда, 1 айдан артық демалуы мүмкін, бұл кезде ресми түрде қызметте болғанымен, зейнетақы жарнасы аударылмайтыны анық. Сәйкесінше, осы аралықтағы нақты жұмыс уақытын есептеуде қиындықтар туындап жатады.
Сонымен қатар, Дәурен Сыймағанбетовтың пікірінше, 4-5 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, ХБО-ның ұйымдастыру сапасы төмендеп кеткен.
Ұйымдастыру мәселелерінен бөлек, ішкі процестерді цифрландыру мәселесі де ақсап тұр, өйткені ақпараттық технологиялар заманында қағазбастылықпен уақыт жоғалтуға тура келеді.
Халықаралық бағдарламалардың тағы бір мәселесі (тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі) – сабақ үлгерімі нашарлығынан, отбасылық жағдаймен немесе дүниеден қайтуына байланысты өз оқуын аяқтай алмағандар. Олардың қатары «Болашақта» 2 пайыздың айналасында екен. Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің түсініктемесі бойынша, олардың барлығы қолданыстағы заңнаманы негізге ала отырып, жеке-жеке қарастырылады, туындаған даулы жайттар сотқа дейін де, сот арқылы да шешіледі.
«Болашақтың» нәтижесі қандай?
қазіргі кезде жастардың шетелде, «Болашақтан» бөлек, тегін болсын, өз есебінен болсын, білім алу мүмкіндіктері көп.
Әлем бойынша талантты жастардың грант иеленуі үшін университеттер де, шетел үкіметі де конкурстар ұйымдастырып тұрады. Айталық, ХБО-ның өзі де шетелдік ЖОО-мен қазақстандықтарға арналған грант туралы келісім-шарт жасайды.
Шетелде біздің жастарға жақсы жағдай ұсынады, бұл еріксіз жоғары білімді мамандардың шетелге көшуіне алып келеді.
Шетелге қанша адам көшіп кетті?
15 жастан асқан азаматтардың, соның ішінде шетелде білім алғандары да бар, көші-қонын сараптаған кезде, 2017 жылы елден 20381 адам көшіп кеткені анықталған. 2007 жылғы сандар да осы шамалас еді – 20450 адам. 2018 жылдың 9 айында Қазақстаннан 16938 адам қоныс аударған.
Елге көшіп келгендердің қатары (15 жастан үлкен) көшкендерден әлдеқайда аз. 2007 жылы олардың саны 13 825 адамды құраған еді. Ал 2017 жылдың аяғында бұл көрсеткіш қатты төмендеп, 5600 адам ғана келген. 2018 жылдың 9 айында елге жоғары білімді 3533 адам көшіп келген.
Қазақстаннан қоныс аударғандардың мамандығына келер болсақ, техникалық, экономикалық, заңгерлік мамандықтар басым.
Соңғы 10 жылда жоғары білімді мамандар алыс шетелдерге көп көшіп жатыр.
Халықаралық бағдарламалар орталығының Президенті Жанболат Мелдешев отандық БАҚ-та «білімді жастар жаппай шетелге көшіп жатыр деп қорқудың қажет жоқ, бұл термин Кеңес заманына қарата айтылған» деп пікір білдірген еді.
ХБО басшысы «Болашақ» бағдарламасын ауыл жастарының шетелде білім алуына жасалған керемет мүмкіндік деп бағалаған.
Расымен, қазіргі кезде «Болашақтан» кейін шетелде қалғысы келетіндердің қатары азайып келеді. Егер бұрын олардың саны 150-ден асса, қазір ешқайсының шетелде қалғысы жоқ деп тұжырымдады маман.
Бағдарлама келешекте тек жоғары білімді азаматтар ретіндегі әлеуметтік қана емес, жоғары экономикалық нәтиже көрсетуі тиіс.
Мәселен, «Болашаққа» ұқсас бағдарламасы бар және осы елдің білімді жастары қалыптастырған инновациялық капиталы жоғары Сингапурда жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы – $60,6 млрд көрсеткіштен, 2017 жылы – $289,1 миллиардқа жеткен. Ал 2018 жылы оның көлемі $349,7 млрд-қа жетеді деп жоспарланған.
Ал Ұлыбританияда ЖІӨ 1993 жылы – 1061,4 млрд доллар көлемінде тіркелсе, ал 2018 жылы – $2808,9 миллиардқа жеткен.
Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш баяу өсуде. республиканың жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы $23,4 миллиардтан – $184,2 млрд-қа жеткен.
Жалпы, халықаралық бағдарламалар түлектері елдің экономикалық көрсеткіштерінің катализаторы саналады және оларды оқытуға кеткен қазына қаржысының нәтижесі сан-салалы болмақ.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Дәурен Сыймағанбетовтың айтуынша, болашақтықтардың білімін пайдалануда дұрыс, жүйелі әдіс қолдана алса, экономикаға оң әсерін бермек. «Оған қоса, барлық түлектерді мемлекеттік секторға жинаса, олар экономика мен заңдарды орын-орына қойып, тәртіп орнатар еді» деп пайымдайды «Болашақ» түлегі.
Қазіргі кезде Қазақстанда бағдарламаға кететін шығынды қысқарту мақсатында, еуропалық деңгейдегі ЖОО ретінде Назарбаев Университеті құрылған. Оған экономикаға қажетті жоғары білікті маман дайындауда үлкен үміт артылып отыр.