"Дені дұрыс елде мұндай депутат мандатын тапсырушы еді": Бір топ адам Дәулет Мұқаев жасаған жарнамаға сеніп үйсіз, ақшасыз қалған
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың блогер кезінде жасаған жарнамасына сеніп ондаған адам баспанасыз қалған. |
Өткен жылдың аяғында шыққан дау әлі күнге дейін шешімін таппаған сыңайлы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Құрметті Президент, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқав біз сізге видеоүндеу жолдауға мәжбүрміз. Себебі, Алматы қаласы, Мәденит ықшам ауданы, DOSTAR DELUXE деп аталатын тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде ақша салғанбыз. Құрылыс жүргізуші компания Мах Bet PV2 ЖШС директоры Нұрмағамбетов Берік Темірғалиұлы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Тоқтау себебі, ол жерге мемлекеттік нысан, яғни үшінші темір жол вокзалы салынатын болғандықтан әкімшілік құрылысты заңсыз деп тоқтатқан.
Әрине, кез келген салаға жарнама арқылы келтініміз барлығымызға белгілі. Осы тұрғын үйге үлескер ақша салу кезінде бізге сол кездегі блогер, қазіргі Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мырзаның жарнамасы басты себеп болды. Жарнамаға алданып, 100-ден астам адам салымшы ретінде 200 миллионнан астам ақша салып, не үй жоқ, не ақша жоқ. Мах Bet PV2 ЖШС құрылыс компаниясы келісім-шартты бұзған үлескерлерге ақшаны 4 ай ішінде қайтарамыз деп уәде беріп, түрлі сылтаумен кейінге қалдырып келе жатыр. Аталған компанияның тұрғын үй сату жарнамасы әлеуметітк желіде әлі де тарап жатыр. Басқа адамдар алданбауын және ақшамызды толық қайтаруын талап етеміз", — дейді алданған бір топ адам.
Instagram желісіндегі қазіргі депутат, экс-блогердің жарнамасына алданған адамдардың видеоүндеуін жариялаған журналист Гүлбану Әниятқызы мұндай даулы оқиғада Дәулет Мұқаевтың депутаттық мандатын тапсырғаны дұрыс болатынын айтты.
"Депутат Дәулет Мұқаев һәм Дәулеттеннің жарнамасына сеніп, ақшасыз, үйсіз қалған үлескерлер президенттен көмек сұрапты.
Дені дұрыс елде мұндай депутат баяғыда мандатын тапсырып, депутаттықпен қош айтысар еді. Заң бойынша жауап берер еді", — деп жазды ол.